«СЕРПІН-2050»  ЖОБАСЫ ҰЛТТЫҚ  БАҒДАРЛАМАҒА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

/uploads/thumbnail/20170708182016739_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаевтың  тапсырмасымен өткен жылдан  бері «Серпін-2050»  жобасы  жүзеге асырыла  бастағанын көзі қарақты жұрт жақсы  біледі. Бұл  жобаның  еліміздің  халық тығыз  қоныстанған   өңірлерінен  тұрғындары аз,   жұмыс күші жетіспейтін аймақтарына жастарды жіберіп, сол жерлерде оқытып,  сол өңірлерде  қызмет жасауына мүмкіндік беретіндігі де айтылып жүр.  Ең маңыздысы­­ -  «Серпін-2050»  жобасы бойынша  оқып жатқан жастар   өздері барған жерлеріне тастай батып,  судай сіңуі керек.  Сөйтіп,  Қазақ елінің  демографиялық ахуалы  көңілден шықпайтын,   жұмыс күші де тапшы өңірлеріне  серпіліс әкелуі тиіс. Демографиялық тұрғыда әрине.

Рас,  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым  министрлігі де,  «Серпін-2050» әлеуметтік   жобасы республикалық үйлестіру кеңесі де жобаның саяси астарын ашып айтпайды. Әрине,  вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың  25 мамырда  өткен  «Елбасымен бірге жастардың жүз қадамы»  аттыт форумда   облыс әкімдеріне қарата: «Бұл саяси жоба. Мұнда облыс әкімдерінің орынбасарлары отыр. Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бұл жобаның орындалуына өздерің мүдделі болуларың керек»- дегені ғана естен кеткен жоқ. Бірақ, «Серпін-2050»  жобасының  мән-маңызы туралы саяси  сипатта басқаша ештеңе айтылмайды.  Білетіндер  бұл жоба  Президенттің тікелей тапсырмасымен   қолға алынғанын айтады.  Солтүстік Қазақстан,  Павлодар,  Қостанай,  Шығыс Қазақстан,  Ақмола,  Батыс Қазақстан,  Ақтөбе, Қарағанды   облыстарында «мамандар тапшы екен-мыс», сол себепті  Алматы,  Жамбыл,  Оңтүстік Қазақстан,  Қызылорда,  Маңғыстау  облыстарының жастары  әлгі 8 облысқа барып оқығаны жөн көрінеді.  Техникалық мамандықтарға  айырықша назар аударудың сыры сонда  болса керек. Биыл  жоба бойынша  жоғары оқу  орындарына  бөлінген   5 мың гранттың 3 мыңы техникалық мамандықтарға  бөлініпті.  Ал, 1500-і педагогикалық мамандықтар екен.  Қалғаны  ауыл шаруашылығы, ветеринария саласындағы мамандықтар  болса керек. Ал, колледждер мен кәсіптік-техникалық мектептердің басым көпшілігі техникалық мамандықтарда оқытатыны  бесенеден белгілі жайт. Қысқасы,  «Серпін-2050»  жобасы  техника  тілін  меңгерген жастарымыздың  санын арттыруға  үлес қосары анық.  Алайда,  жобаның болашағына, алға қойған мақсаттарына жетуі үшін әлі біраз  тер төгу керек  те шығар. Себебі, «Серпінде»   әлі де  пысықталатын  мәселелер аз емес.

Бірінші кезекте, «Серпін-2050»  жобасы ешқандай да мемлекеттік бағдарлама емес. Ол Білім және ғылым  министрлігінің әлеуметтік жобасы ғана. Жоба үшін  бөлінетін гранттар  жыл сайын  мемлекет  тарапынан барлық мектеп түлектеріне ұсынылатын 35 мыңға жуық  гранттың бір бөлігі.  Яғни, сол 35 мың гранттың 5 мыңын  «Серпінге» қарай бұра салған. Біздіңше «Серпін-2050» тәрізді жоба ресми түрде бағдарлама ретінде ұйымдастырылуы  тиіс. Өйткені, бір орталықтан басқарылмаса, жобаның берері шамалы  болмақ. Мәселен, 20 жыл ішінде  «Болашақ» бағдарламасы арқылы 8 мыңға жуық  азамат шетелдерден білім алыпты,   біразы әлі де оқып жүр. «Болашақпен» оқу  үшін жеке емтихан тапсырасыз,  біліктілігіңізді көрсететсіз.  Ал, «Серпін-2050» жобасына қатысу үшін ҰБТ мен кешенді тест тапсырып, жобаға қатысушы  университеттердің бірін таңдасаңыз жетеді.   Өткен жылы  2 мың  оқушы   еліміздің 8 аймағына оқуға барса,  биыл оларға тағы 6200   жас  қосылады.  «Болашақ» бағдарламасымен оқитын азаматтарға бас-көз болатын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» бар.  Онда 50 –ге жуық  қызметкер  еңбек етеді. Ал, «Серпін-2050»  жобасын тек Үйлестіру кеңесі ғана бақылап отыр. Жыл сайын  жоба  бойынша оқитындардың  қарасы  өсе беретінін ескерсек, Білім және ғылым министрлігі  жобаға қатысты арнайы орталық құрып, сол арқылы  басқарғаны жөн шығар. Әрі,  жобаға бөлінетін гранттарды  жалпы   гранттардан бөлек, жеке ұсынғаны дұрыс. Олай болмағанның өзінде,  жобаға қатысушыларға бас-көз болудың құқықтық-нормавтитік тетіктерін әзірлеп, арнайы қаржы қарастырған абзал.

Екіншіден,  «Серпін-2050» жобасы  бойынша  оқып,  маман болып шығатын жастардың әлеуметтік мәселелерін нақты шешу жолдары әзірге  белгісіз. Рас,  Рудный тау-кен технологиялық колледжін  бітірген алғашқы  «серпіндіктерге»  Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі  жұмыс та беріпті. Қызметтік пәтерлер де ұсыныпты. Алайда,  «серпіндіктер» баратын 8 облыстың барлығында   ол жастарға  пәтер беріп,  жақсы қызмет ұсынатын мекемелер көп пе? Барлық облыс әкімдері  осы жастардығ мәселесін шешу үшін құлшынып кірісе ме? Жауап беру қиын әзірге. Өйткені,  «серпіндіктердің» басым көпшілігі әлі оқып жатыр.  Демек, қазірден бастап жобаға қатысушыларды  жұмыспен нақты қамтып,   әлеуметтік мәселелерін шешетін тетіктер  қарастырылмаса, кейін жастар оқу бітіргенде тағы да билікке өкпелі  топ пайда  болуы мүмкін. Өйткені, қазір  жоба бойынша оқып жатқан жастардың  болашақтан күтетін үміттері  орасан зор. Сол үміттер қирамауы керек келешекте.  Сондықтан, «Серпін-2050»  жобасы  мемлекеттік бағдарлама деңгейіне көтерілгені дұрыс. Яғни,  бұл іске тек Білім және ғылым  министрлігі ғана емес, өзге де  министрліктер,  әкімдіктер белсене атсалысуы тиіс.

Айтпақшы,  жобаның саяси астарын  жұрт баяғыда-ақ түсінген. Мәселен,  Фейсбук әлеуметтік желісінде журналист Асылхан Мамашұлы: «Былтыр «Серпін» бағдарламасымен Қостанайға оқуға түскен қарындасыма «ит өлген жерге қалай барасың, суығын айтпағанда, туысың да жоқ қой ол жақта» дегенбіз. Жақында келді. Қостанайға өте риза. «ЖенПИ-ден он есе дұрыс, мұғалімдері қатал, білімдері де жақсы, ақша да жинамайды» екен дейді. Алдында ЖенПИ-де бір жыл оқып, көңілі қалған еді.  Қостанайдың орыс қызымен бір бөлмеде тұрыпты. Ол орысша, бұл қазақша үйретіпті. Әлгі орыс қыз бір жылда кәдімгідей тіл сындырып, беті бері қарапты. «Қазақтар көбейіп кетті»- деп қабақ шытқан ешкім болмаған. Көшеде ығы-жығы мәшине жоқ. Ауасы таза, суы тұнық. «Бауыр басып қалдық, бізбен бірге барған студенттердің көбі түбі сол жақта қалатын сияқты»- дейді.  Былтыр Қостанайдың оқу орындарына «Серпін» бағдарламасымен 100 студент барыпты. Оған 100 студентттің артынан сәлем-сауқат арқалап жүретін туған-туыстарын тағы қосыңыз. Өмірі Аралдағы ауылынан ұзамаған бір кісі шалғыны белден келетін солтүстікті аралап, «қайткенде көшем» деп жүрген көрінеді. Қостанайды алыссынып, дайын грантқа да бармай қалғандар да бопты. Енді биыл «Серпінмен» бір Қостанайдың өзіне 600 грант бөледі екен. Жыл сайын осынша студент бара берсе Қостанайың да қазақыланып шыға келейін деп тұр»-деп жазады. Бірақ,  ресми  билік жобаның саяси астарын ашық айтудан сескеніп отыр. Б. Сапарбаевтан басқа «Серпіннің» саяси астары туралы  пікір айтқан ешкім жоқ.  Бәлкім содан да  шығар,  жоба  бойынша   жастарды қабылдап жатқан өңірлердегі оқу  орындарын санында қайшылықтар бар. Мәселен, Солүстік Қазақстан облысынан   жобаға 1 университет, 4 колледж қатысуда.  Ал, Қарағанды облысынан 4 университет, 5 колледж  таңдалыпты. Рас, бірінші кезекте білім беру маңызды әрине. Алайда, жобаның демографиялық астарына үңілер болсақ, жастарды Солтүстік Қазақстанға  тартқан абзал болар еді.  Бірақ,  жобаның ресми сайтындағы  деректерге  сенсек Білім және  ғылым  министрлігі бірінші кезекте маман даярлау ісіне назар аударған тәрізді. Дегенмен, «Серпін-2050»  жобасы  ұлан-ғайыр өлкенің кез келген  бұрышы қазақтікі екендігін  аңғартатын жоба. Сонымен бірге,  ол соңғы жылдары   жүзеге асырылып жатқан  көңілге қонымды  бастамалардың бірі. Әйтпесе,  біздің шенеуніктер маса  өлтіруді де  «ұлттық жоба» деңгейіне көтеретін  түрі бар.

Ардагелді САЯСИ

Қатысты Мақалалар